Ақшаға деген сұраныс: Орталық Азиядағы микроқаржы нарығы қаншалықты «үлкен»?

19.08.2024
Источник: Banker.kz
Қазақстанда тиімді, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда болашағы зор Орталық Азиядағы микрокредит нарығы біркелкі дамымаса да, өсу әлеуеті ұқсас деп санайды «Робокэш.кз» (Займер) МҚҰ талдау орталығы. Сарапшылар ашық деректерді зерттеп, аймақтағы микрокредиттеудің болашағын бағалады.

Қазақстан

Елде ресми тіркелген 227 микроқаржы ұйымымен (2024 жылғы 1 сәуірдегі ахуал бойынша) Қазақстан Орталық Азияда осы сегменттің дамуы бойынша көшбасшы болып табылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) деректері бойынша, қазақстандық микроқаржы ұйымдарының жиынтық кредит қоржыны 2,8 млрд долларға жетіп, он екі ай қатарынан осы көрсеткіштің тоқсан сайын 4,3%-ға өсуін (+316 млн доллар) көрсетті.

Бұл ретте Қазақстанда соңғы екі жылда берілген қарыздар саны қарыз алушылардың өздерінің санына қарағанда екі еседен астам жылдам өсуде, бұл, бір жағынан, қазақстандықтар тарабынан микрокредиттерге сұраныстың жоғары екенін айғақтаса, екінші жағынан, МҚҰ қазіргі клиенттерінің бейілділігі жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Соңғы бес жарым жылда Қазақстанда кредит алу үшін микроқаржы ұйымдарына жүгінгендер саны 300 мыңнан 1,6 млн адамға дейін өсті. Әдетте бұл – жеке тұлғалар (90%), жеке кәсіпкерлер (8%) және компаниялар (2%-дан аз).

Елдегі микроқаржы ұйымдарының басым бөлігі жеке тұлғаларға, кәсіпкерлерге және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға кредит берудің классикалық схемасы бойынша жұмыс істейді, онда орташа чек кепілді кредиттер үшін – 7,5 млн теңгені, кепілсіз кредиттер үшін 750 мың теңгені құрайды. Алайда Қазақстанның автокөлік нарығындағы серпіліс автокредиттік микроқаржы ұйымдарының пайда болып, жылдам дамуына ықпал етті. Мысалы, тек 2023 жылы бұл сегмент алдыңғы жылмен салыстырғанда 81,5%-ға өсті. Бұл сегменттегі қарыздың орташа сомасы әдетте бастапқы жарнасы (5-7 млн теңге) ескерілген жаңа автокөліктің құнына сәйкес келеді. Көбінесе жаңа және қолданыста болған автокөліктерді кредитке сату және сатып алу қызметтерін ұсынатын ірі автосалондар меңзеледі. Бүгінгі таңда МҚҰ нарығының бұл сегментіне барлық микроқаржы ұйымдарының жалпы кредит қоржынының 30%-ы тиесілі.

Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының жоғары белсенділігіне және, ең бастысы, тиімділігіне қарамастан, аймақтар деңгейінде нарық әлі толық қамтылмаған, демек, елдегі микрокредиттеу әлеуеті әлі де жоғары.

Қырғызстан

2024 жылғы 19 маусымдағы ахуал бойынша, елде 113 компания болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 МҚҰ-ға және 2023 жылмен салыстырғанда 8 МҚҰ-ға аз. Олардың жиынтық кредит қоржыны 154 млн долларды құрады (2024 жылғы бірінші тоқсандағы ахуал бойынша) және соңғы төрт тоқсанда 11,2 млн долларға (бір тоқсанда орташа есеппен 2,4%-ға) өсті.

Республикадағы МҚҰ қарыз алушыларының саны 400 мың адамды құрайды және клиенттік базаның жылына орташа есеппен алғанда 6,5%-ға өсетінін көрсетеді. Қарастырылып отырған кезеңде микроқаржы нарығына қатысатын қарыз алушылардың саны 21%-ға өсті, бұл ретте Қырғызстандағы қарыз алушылардың 56%-ын әйелдер құрайды.

МҚҰ-ның ең көп шоғырлануы ел астанасы – Бішкекте байқалатындықтан, аймақтардағы микрокредиттеу әлеуетінің өте жоғары екені анық, оның үстіне, реттеуші мен үкімет осы саладағы құқықтық базаны жетілдіруге күш салуын жалғастыруда.

Өзбекстан

Елде 8 мың долларға дейін микроқарыз ұсынатын 91 лицензияланған МҚҰ жұмыс істейді. Сонымен қатар, енді ғана қалыптасып келе жатқан исламдық микроқарыздар жүйесі бар. Өзбекстанда онлайн кредиттеу әлі онша дамымаған, өйткені көптеген жергілікті микроқаржы ұйымдары клиенттермен бұрынғысынша «тірідей» жұмыс істегенді артық көреді және интернет-сайттары жоқ.

2024 жылғы 1 шілдедегі ахуал бойынша, өзбекстандық МҚҰ активтері – 5,802 трлн сомды (+109 п. т. ж/ж), соның ішінде міндеттемелері – 3,806 трлн сомды (+161 п. т. ж/ж) және капиталы 1,997 трлн сомды (+51 п. т. ж/ж) құрады. Активтер құрылымында негізгі үлес – 5,299 трлн сом (+114 п. т. ж/ж) берілген кредиттер мен микролизингке тиесілі. Есептелген пайыздармен (0,116 трлн) бірге Өзбекстандағы микроқарыздардың ағымдағы қоржынының көлемі 5,415 трлн сомды немесе 430 млн долларды (+112 п. т. ж/ж) құрайды. 2024 жылғы қаңтар айында МҚҰ қоржыны 4 трлн сомға бағаланғанын, ал мемлекеттік тізілімде 84 МҚҰ болғанын ескерсек, жергілікті МҚҰ нарығы өте жылдам қарқынмен өсіп келеді деп айтуға болады.

Тәжікстан

Тәжікстан заңнамасы микроқаржы ұйымдарын үш түрге бөледі: микрокредиттік депозиттік ұйым (негізінен микроқаржы банкі), микрокредиттік ұйым (микроқарыздармен шектелген) және микрокредиттік қор (қарыз бере алады, бірақ нысаны бойынша коммерциялық емес ұйым болып табылады). Былтырғы жылдың соңындағы ахуал бойынша, елде осындай лицензияланған МҚҰ-лар саны тиісінше 19, 3 және 25 болды.

2023 жылғы деректер бойынша, тәжікстандық МҚҰ кредит қоржыны жылдан-жылға 29,1 пайыздық тармаққа артып, 13,6 млрд сомониді (1,29 млрд доллар) құрады, бұл нарықтың белсенді өсу кезеңінде екенін көрсетеді.

2022 жылы Тәжікстанда МҚҰ нарығындағы жиынтық таза пайда мөлшері 1179,5 млн сомониді (113,2 млн долларды) құрады, бұл жылдан-жылғы көрсеткіштен 988,3 %-ға көбірек. Өз кезегінде, 2022 жылғы активтер көлемі бір жыл бұрынғы 4,198 млрд сомониге (396,3 млн долларға) қарсы 4,343 млрд сомониді (410 млн долларды) құрады (+3,45%). Тәжікстанда берілген барлық микрокредиттердің жартысынан сәл астамы (57%) – тұтынушылық кредиттер, тағы 20%-ы – ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне берілген қарыздар. Өсу әлеуеті жоғары.

Түркменстан

Елде «Микроқаржы ұйымдары және микроқаржыландыру туралы» заң (2011 ж.) қабылданғанымен, ашық дереккөздерде бұл елдегі МҚҰ нарығы туралы ақпарат жоқ. Дегенмен, Statista деректері бойынша, 2023 жылы ел тұрғындары арасында банктік қызметтердің енуі 2022 жылғы 58%-ға қарсы 61,1%-ды құрады, бұл республикада қаржы өнімдеріне сұраныстың артқанын көрсетеді.

Келтірілген деректерді қорытындылай келе, Орталық Азиядағы микрокредиттеу нарығының жылдам дамып келе жатқанын, бірақ әлі де болса өз әлеуетін толық аша қоймағанын атап өтуге болады. Аймақ елдері арасындағы байланыстардың тереңдей түскенін ескерсек, қазақстандық МҚҰ-лардың клиенттермен жұмыс істеудегі және жергілікті биржаларда қор жинаудағы табысты үлгісін Орталық Азияның басқа республикаларында да жүзеге асыруға болады.
  • CNY 68.18 -0.69%
  • EUR 546.57 -6.02%
  • RUB 6.19 -0.05%
  • USD 464.73 -4.76%
  • ADA 114.27 -1.42%
  • BNB 292363.09 -0.12%
  • BTC 35062893.26 -0.88%
  • DOGE 43.79 -1.27%
  • DOT 589.96 -1.05%
  • ETH 1071074.61 -1.3%
  • SOL 39460.17 -1.32%
  • TRX 154.7 +1.62%
  • USDT 464.95 -0.01%
  • XRP 660.57 -0.62%