Қаржы реттеушісінің басшысы коронавирусқа байланысты халық пен бизнеске борыштық жүктеменің өсуін азайту шаралары туралы айтып берді.

17.03.2020

Источник: Banker.kz

2020 жылғы 16 наурыз – 15 сәуір аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың жекелеген салаларына қатысты шектеу шараларының қолданылуына  байланысты халық пен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ҚР Үкіметінің отырысында баяндама жасаған кезде хабарлады.

Агенттік екінші деңгейдегі банктермен және кредит нарығының басқа да субъектілерімен, сондай-ақ «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесіп мынадай шаралар қабылдауды ұсынады.

«Біріншіден, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес кредит бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы бой бермейтiн күш мән-жайлары, яғни төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлар болған кезде мүліктік жауапкершілік атқармайды. Мұндай мән-жайларға төтенше жағдай режимінің енгізілуі жатады» - деп хабарлады ол.

«Соған байланысты, жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған  кезде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуге тиіс.  Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, ломбардтарды және кредиттік серіктестіктерді, сондай-ақ қарыз беретін барлық кредиторларды қоса алғанда, барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылатын болады. Екіншіден, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 3-тармағына және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай, банктер және микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған дара кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуге тиіс» - деп қорытындылады М. Әбілқасымова.

    Банктер мен кредит нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болу үшін барынша қашықтан қатынас жасау нысанында іске асыру үшін қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасаудың тәртібі мен тетіктерін айқындайды.

    Агенттік Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік бағдарламалар – Қарапайым заттар экономикасы және Бизнестің жол картасы-2020 шеңберінде экономиканы кредиттеуді қолдау шараларын пысықтауда.

    Агенттік қаржы нарығындағы ахуалға күшейтілген мониторингті жалғастырады және көрсетілген шараларды іске асыруға бақылауды қамтамасыз етеді.
Возврат к списку новостей
Рекламодателю