Қазақстан банк секторының 2023 жылғы 1 шілдедегі жай-күйі туралы

Источник: Banker.kz
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 12-сі шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы маусымда негізінен өтімді активтердің 4,5%-ға өсуі нәтижесінде 2,6%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 46,6 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 4,5%-ға немесе 2,0 трлн теңгеге өсу).

Өтімділігі жоғары активтер 13,7 трлн теңгені немесе активтердің 29,4%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2023 жылғы маусымда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 1,2%-ға 24,4 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 7,0%-ға өсу). Ұлттық валютадағы кредиттер 1,2%-ға 22,7 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер 0,5%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер негізінен жекелеген банктердің проблемалық берешекті баланстан тыс шоттарға есептен шығару нәтижесінде 2023 жылғы маусымда 0,7%-ға 8,8 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бері 1,3%-ға өсу). Бұл ретте дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы маусымда 1,0%-ға 10,0 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 4,0%-ға өсу). ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,1%-ға 6,4 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 6,9%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,1%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 0,8%-ға төмендеу).

2023 жылғы маусымда бизнес субъектілеріне 1 273 млрд теңге сомаға жаңа қарыздар берілген. Ағымдағы жылғы 6 айда бизнес субъектілеріне 6 835 млрд теңге қарыз берілген, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,4%-ға артық.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 2,2%-ға 8,5 трлн теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,6%-ға 5,0 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы маусымда 15,6 трлн теңгені құрап, 2,3%-ға ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 10,4%-ға өсу).

Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,3%-ын немесе 853 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтарда – 3,4% немесе 815 млрд теңге) құрады.

ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 2,6%-ды немесе 291 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,9%-ды немесе 562 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 70,5%-ды құрайды (01.01.2023ж. – 76,9%).

Ағымдағы жылғы маусымда банктердің меншікті капиталы 1,6%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 9,5%-ға өсу). 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,6%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,4%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2023 жылғы маусымда банк секторының міндеттемелері клиенттер депозиттерінің өсуі есебінен 2,8%-ға 40,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 3,8%-ға немесе 1,5 трлн теңгеге өсу).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы маусымда заңды тұлғалар депозиттерінің 1,9%-ға 31,2 трлн теңгеге дейін және жеке тұлғалар депозиттерінің 0,4%-ға 14,8 трлн теңгеге дейін өсуінің нәтижесінде 1,9%-ға 31,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы маусымда 4,6%-ға 23,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 5,0%-ға 8,3 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі 2023 жылғы 1 шілдеде 26,5%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%).

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы маусымда 14,6%-ды (2023 жылғы мамырда – 14,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 14,0%-ды (2023 жылғы мамырда – 13,8%) құрады.
  • CNY 71.51 -0.05%
  • EUR 554.03 -0.74%
  • RUB 6.24 -0.02%
  • USD 485.82 -0.65%
  • ADA 68.4 -1.44%
  • BNB 261312.57 -1.41%
  • BTC 27993090.93 -2.51%
  • DOGE 33.65 -3.65%
  • DOT 385.66 -2.08%
  • ETH 746903.98 -1.09%
  • SOL 34713.2 -1.68%
  • TRX 151.94 -1.57%
  • USDT 478.48 -0.02%
  • XRP 493.73 -2.43%