Қазақстан банк секторының 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жай-күйі туралы

08.11.2022

Источник: Banker.kz

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 21 екінші деңгейдегі банк құрайды, оның ішінде 12-і шетел қатысатын банк, оның ішінде 9 еншілес банк.

Банк секторының активтері ағымдағы жылғы қыркүйекте 0,5%-ға немесе 0,2 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 41,7 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім - 10,9% немесе 4,1 трлн теңге). Активтердің өсуі несие портфелінің 2,3%-ға немесе 509 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды.

Өтімділігі жоғары активтер 12,7 трлн теңгені немесе активтердің 30,5%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Экономикаға кредиттер 2022 жылғы қыркүйекте 2,0%-ға өсіп, 21,1 трлн теңгені құрады (жылдың басынан бері өсім – 14,1%-ға немесе 2,6 трлн теңге).

Ұлттық валютадағы кредиттер 2022 жылғы қыркүйекте 1,8%-ға, 19,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 4,4%- ға, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті.

Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қыркүйекте 1,3%-ға ұлғайып, 8,0 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 3,6%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 3,9%-ға өсті). Ағымдағы жылғы қыркүйекте заңды тұлғаларға 988 млрд теңге сомаға қарыз берілді, бұл 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда 1,5%-ға көп.

Ірі бизнеске қарыздар 2022 жылдың басынан бері 2,7%-ға 3,3 трлн теңгеге дейін, ШОБ (ДК қоса алғанда) қарыздары 6,8%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,1%), саудаға (21,4%), құрылысқа (7,6%) және көлікке (5,4%) тиесілі.

Жеке тұлғалардың кредиттері 2022 жылғы қыркүйекте 2,5%-ға ұлғайып, 13,1 трлн теңгені құрады (ағымдағы жылдың басынан бері 21,6%-ға өсті).

Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,3%-ға 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,3%-ға 7,2 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша NPL қарыздарының деңгейі 802 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 3,6%-ын құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда - 3,3% немесе 669 млрд теңге).

ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,5%-ды немесе 349 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде - 3,7%-ды немесе 453 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу 72,8%-ды құрайды.

Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы қыркүйекте 0,7%-ға 4,9 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 17,6%-ды, меншікті капитал (к2) – 20,9%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2022 жылғы қыркүйекте клиенттер салымдарының 4,1%-ға 29,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 0,7%-ға 36,8 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 80%). Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 11,1%-ға өсті.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы қыркүйекте 3,2%-ға 29,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жылдың басынан бері өсім - 7,6%). Заңды тұлғалардың депозиттері 4,2%-ға, 15,2 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері - 2,1%-ға, 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы қыркүйекте 4,6%-ға 18,8 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында депозиттер - 0,7%-ға 10,4 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 35,6%-ды құрады.

Базалық мөлшерлеменің артуы аясында қорландыру құны ұлғаяды. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қыркүйекте 12,4% (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 12,2% (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.
Возврат к списку новостей

Рекламодателю