«МФО «Атслаха 18» ЖШС-ны лицензиядан айыру туралы

19.12.2022

Источник: Banker.kz

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Алматы қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 15.12.2022 жылғы № 105 бұйрығына сәйкес
«МФО «Атслаха 18» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қызметті Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, сондай-ақ уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұза отырып жүзеге асыру лицензиядан айыру үшін негіздеме болды.

МҚҰ қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде анық емес есептілікті ұсыну, микрокредит беру туралы шарттың үлгілік нысаны мазмұнының заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, қаржы реттеушісі сұраған ақпарат пен құжаттарды беруден бас тарту түрінде көрінген бұзушылықтарға жол берген.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес МҚҰ Агенттік микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туындайтын, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын болжайтын сөздерді немесе аббревиатураларды алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес МҚҰ алдындағы міндеттемелерінің орындалуын бұзғаны үшін жауапкершілік атқарады.
Возврат к списку новостей
Рекламодателю