Ерболат Досаев – Базалық ставканың ағымдағы деңгейі жылы инфляцияның 4-6% нысаналы дәліздің ішінде сақталуын қамтамасыз етеді

13.08.2019

Источник: Banker.kz

Ағымдағы жылғы шілдеде айлық инфляция 0,2%-ды құрады. Жылдық инфляция 5,4% деңгейде сақталды.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында айтып берді.
Ол жеміс-көкөніс бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, жазғы кезеңге тән дефляциялық процесс байқалмайды деп атап өтті.

«Инфляцияға көп үлесті шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсуі қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Ал ақылы қызметтер бағасының серпіні тарихи минимумда сақталып отыр», - деп хабарлады ол.

Е. Досаев халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныстың кеңеюі инфляцияның жылдам өсуінің негізгі тәуекелдері болып қалатынын атап өтті. «Осыған орай Үкіметтен инфляцияның өсуіне көп үлес қосқан жекелеген тауарларға бағаның өсуін бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз», - деді Ұлттық Банктің басшысы.

Ол 2019 жылғы 15 шілдеде Ұлттық Банк базалық ставканы +/-1п.т. дәлізбен 9,00% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдағанын еске салды.

«Инфляциялық тәуекелдерді төмендету мақсатында Ұлттық Банк ақша нарығындағы артық өтімділікті алуда. Маусымда ақша нарығының ставкасын көтеру және қысқа мерзімді ноттардың мерзімін ұзарту шаралары қабылданды. Нәтижесінде 6-12 ай айналыс мерзімі бар ноттардың үлесі мамырдың соңындағы 43%-дан шілденің соңындағы 75%-ға дейін көтерілді. Айналыстағы ноттардың жалпы көлемі шілденің соңында 3,0 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылғы 20 ақпандағы 4,7 трлн теңге болған максимумнан 36,8%-ға төмен», - деп хабарлады Е. Досаев.

Ол базалық ставканың ағымдағы деңгейі және ақша-кредит талаптары инфляцияны биыл нысаналы 4-6% дәліз ішінде сақтауды қамтамасыз ететінін қоса айтты. Алайда әлемдік нарықтағы тәуекел деңгейінің өсуін және тұтынушылық сұраныс тарапынан проинфляциялық қысымның күшеюін ескере отырып, Ұлттық Банк жылдың соңына дейін ақша-кредит талаптарын қатаңдату шараларын қабылдауды жоққа шығармайды.

Сонымен бірге Ұлттық Банк Төрағасы ішкі валюта нарығындағы ахуал көп жағдайда сыртқы факторлардың ықпалымен дамуда екендігін айтып берді. 12 тамыздағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 0,9%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 387,48 теңгені құрады.

«Сыртқы сектордағы жағдай тұрақсыз болып қалуда. Мұнай бағасы көп құбылуда. 31 шілде – 7 тамыз аралығында мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 65,2 АҚШ долларынан 56,2 АҚШ долларына дейін күрт төмендеді. Бұл АҚШ Президенті Қытай тауарларына бажды енгізу туралы мәлімдеген соң болды. 2019 жылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір баррель үшін 58,5 АҚШ долларына дейін өсті», - деп түсініктеме берді Е. Досаев.

Ұлттық Банк басшысы атап өткендей, Ресей рублі айдың басынан бастап 9 тамызға дейін бір АҚШ доллары үшін 63,4 рубльден 65,1 рубльге дейін 2,8%-ға әлсіреді.

Е. Досаев хабарлағандай, Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері 2019 жылғы 1 тамызда 27,7 млрд АҚШ долларын құрады. Олар екінші деңгейдегі банктермен валюталық своптың жабылуы және Үкіметтің сыртқы борышын өтеу нәтижесінде шілдеде 1,8%-ға төмендеді. Валюталық активтердің төмендеуі алтын портфелінің өсуімен ішінара теңестірілді. Ұлттық қордың активтері алдын ала деректер бойынша іс жүзінде өзгерген жоқ және шілдеде 59,8 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 87,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық Банктің басшысы сондай-ақ төлем балансының жай-күйі туралы айтып берді. Алдын ала бағалау бойынша, 2019 жылғы 1-жартыжылдық бойынша ағымдағы операциялар шоты 2,0 млрд АҚШ доллары дефицитпен қалыптасты.

«Сауда балансының сальдосы 10,3%-ға 11,3 млрд АҚШ долларына дейін (2018 жылғы 1-тоқсанда – 12,6 млрд АҚШ доллары) азайды. Тауарлар экспорты 1,1%-ға 28,5 млрд АҚШ долларына дейін экспорт көлемі өзгермеген кезде баға факторы есебінен ұлғайды. Тауарлар импорты 10,2%-ға 17,3 млрд АҚШ долларына дейін инвестициялық және азық-түлікке жатпайтын тауарларды әкелудің ұлғаюы есебінен өсті», - деп хабарлады ол.

Е. Досаев өзінің сөзінде кредит және депозит нарықтарының тақырыбын да қозғады. «Банктер кредиттік белсенділігін ұлғайтуда. Сәуір-маусымда 1-тоқсанда жүргізілген банктерді қалыпқа келтіруден кейін кредиттік портфель 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді кредиттер – 11,0 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер – 1,9 трлн теңге болды. Бизнес үшін кредиттерге қолжетімділік артуда: маусымда теңгемен кредиттер бойынша ставка өткен жылғы маусымдағы 12,5%-бен салыстырғанда 11,7%-ға дейін төмендеді», - деп айтты ол.

Ұлттық Банк басшысының айтуынша, кредиттеудің өсуіне қорландыру базасының сапалы жақсаруы ықпал етуде. Ұлттық валютадағы салымдар валюта нарығындағы шиеленісудің өсуі нәтижесінде маусымда төмендеуіне қарамастан, жыл басынан бері 5,5%-ға өсті.
Бұл ретте еурооблигацияларды (ҚазАгро) өтеу, сондай-ақ жекелеген ірі салымшылардың валюталық депозиттерді шетелдік қаржы ұйымдарына аударуы нәтижесінде шетел валютасындағы депозиттер 19,8%-ға қысқарды. Соның салдарынан, депозиттерді долларландыру маусымның соңында 41,6%-ға дейін төмендеді.

«Ұлттық Банк 7-20-25 бағдарламасын іске асыруда. 2019 жылғы 8 тамыздағы жағдай бойынша 188,3 млрд теңге сомаға 16 677 өтініш берілді, оның ішінде банктер 112,7 млрд теңге сомаға 9 813 өтінімді мақұлдады», - деп хабарлады Е. Досаев.

Ұлттық Банк Төрағасы нәтижесінде ипотекалық кредиттеу жалпы дамыды деп қоса айтты. Өткен жылғы шілдеден бастап, яғни Бағдарлама іске қосылғаннан бері банктердің ипотекалық портфелі 30,5%-ға 1,5 трлн теңгеге дейін өсті.

Одан басқа, экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін банктерге ұзақ мерзімді ресурстар беріледі. Банктер 51,4 млрд теңге сомаға 106 жобаны мақұлдады. 31,2 млрд теңге сомаға 69 қарыз берілді (2019 жылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша).

Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев борыш жүктемесін азайту шаралары туралы айтып берді

«Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банк банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында айтып берді.

Ол бұл шараның халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейін мөлшерде берешекті өтеуді болжайтынын атап өтті.

«Бүгінгі күні азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпаратты жинау жұмысы жүргізілді. Ақы төлеуге тізім жасалды. Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Бұл алдын ала деректер бойынша еліміздің 508 мың азаматына 105,5 млрд теңге сомаға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді.», - деп хабарлады Е. Досаев.

Ол азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтініш жасамайтынын, берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізетінін, содан кейін кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жіберетінін атап өтті.

Ұлттық Банктің басшысы сондай-ақ бүкіл қазақстандықтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 2019 жылғы 1 шілдеде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлды есептен шығару туралы хабарлады.

«30 шілдеде банктер және микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 33,6 млрд теңге сомаға 1,2 миллион азаматқа айыппұлдар мен өсімпұлды кешірді. 20 тамызға дейін Ұлттық Банк осы ұйымдар жұмсаған шығыстар сомасынан 30%-ды өтейді», - деп қорытындылады ол.








Возврат к списку новостей
Рекламодателю