Отбасы банк Азия даму банкінен 90 млрд теңге қаржы тартып, «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын іске қосады

Источник: Banker.kz
Отбасы банк («Бәйтерек»холдингінің еншілес ұйымы) мен Азия даму банкі 90 млрд теңге көлемінде қарыз беру туралы келісімге қол қойды. Бұл қаражат Отбасы банк тарапынан «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары бойынша тұрғын үй несиелерін беруге бағытталады.

Алғашқы кезеңде 2 000-нан астам несие беру жоспарланып отыр.

 – Отбасы банк үшін отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті қолдау өте маңызды. Біз әрдайым әйелдердің экономикалық белсенділігін және қаржылық тәуелсіздікке ұмтылысын қолдаймыз. Жеке баспана әйелге сенімділік беріп, отбасы үшін тұрақтылықты қамтамасыз етеді және болашаққа деген қорғаныш сезімін қалыптастырады. Сондықтан «Ұмай» бағдарламасы үлкен сұранысқа ие. Бұл бағдарлама әйелдерге қолжетімді шарттармен баспана иесі болуға мүмкіндік береді. Бағдарламада бастапқы жарна төмендетілген. Пәтерді бастапқы немесе қайталама нарықтан, еліміздің кез келген қаласынан, тұрғылықты тіркеу байланыссыз сатып алуға болады. Қазіргі жоба алдыңғы бағдарламаның сәтті тәжірибесіне негізделген. Бұған дейін «Ұмай» бағдарламасы аясында 3 660 әйелге баспана алуға көмектестік, – деп атап өтті Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

«Ұмай» бағдарламасына қатысушылар үшін тұрғын үй таңдауы өте кең болады. Бұл азаматтар үшін барынша ыңғайлы. Бағдарлама аясында дайын бастапқы тұрғын үйді де, құрылыс кезеңіндегі пәтерді де (ҚТҮК кепілдігімен немесе сақтандыру құралын пайдалану арқылы) сатып алуға болады. Сондай-ақ 2016 жылдан ерте салынбаған қайталама нарықтағы пәтерлерді алуға мүмкіндік бар.

Қатысушылар тұрғын үйді сатып алу мен жөндеуге бір несие рәсімдей алады.

Егер қатысушы Алматы немесе Астана қалаларынан баспана алса, банк пәтер құнының 80%-на дейін несие береді. Қалған 20% бастапқы жарнаны қатысушы өзі тікелей сатушыға береді.

Егер тұрғын үй басқа өңірлерден сатып алынатын болса, банк пәтер құнының 85%-на дейін несие береді. Қалған 15% бастапқы жарнаны бағдарламаға қатысушы өзі тікелей сатушыға төлейді.
  • Максималды несие сомасы – 50 млн теңге.
  • Отбасының жалпы таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауы тиіс.
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін.
  • Сондай-ақ «Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алушы тұрып жатқан тұрғын үйді жөндеуге бөлек несие алуға болады. Жөндеуге берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге.
  • Банк депозитіне бастапқы жарна – 0%-дан 50%-ға дейін.
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

«Ұмай» бағдарламасы арқылы сатып алынған тұрғын үй міндетті түрде әйелдің атына рәсімделеді. Егер ол некеде болса, жылжымайтын мүлік ортақ меншік ретінде тіркеледі. Қоса қарыз алушыларды тартуға болады.

«Жасыл ипотека»

Қазақстандағы тұрғын үйлердің 80%-дан астамы энергияны көп тұтынады. Бұл олардың иелері жылу мен электр энергиясына көбірек шығынданады деген сөз.
«Жасыл ипотека» бағдарламасын іске қосу және «жасыл» тұрғын үй сатып алу коммуналдық төлемдерді азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл елдегі құрылыс нарығына экологиялық (“жасыл”) құрылыс бағытында дамуға ынталандыру береді.

Бұл бағытқа қатысушылар дайын бастапқы тұрғын үйді де, құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйді де (ҚТҮК кепілдігімен немесе сақтандыру құралын пайдалану арқылы) сатып ала алады. Сондай-ақ қайталама нарықтан пәтер алуға мүмкіндік бар.

Маңызды шарт – сатып алынатын тұрғын үй «жасыл стандарттарға» сай болуы және OMIR сертификаты (күміс, алтын немесе платина деңгейі) болуы тиіс.
Тұрғын үй сатып алу мен жөндеуге бір несие рәсімдеуге болады.

«Жасыл тұрғын үйді» сатып алу үшін банк пәтер құнының 80%-на дейін несие береді. Қалған 20% бастапқы жарнаны қарыз алушы өзі тікелей сатушыға төлейді.
  • Максималды несие сомасы – 50 млн теңге.
  • Отбасының жалпы таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауы тиіс.
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін.
  • Сондай-ақ қарыз алушы тұрып жатқан тұрғын үйді жөндеуге бөлек несие ала алады.
  • Жөндеуге берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге.
  • Банк депозитіне бастапқы жарна – 0%-дан 50%-ға дейін.
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Қатысушылар төлем қабілеттілігін растау үшін соңғы 6 айдағы ресми табысын көрсетуі тиіс. Тұрғын үйді кез келген өңірден, тіркеуге қарамастан сатып алуға болады. Сондай-ақ қатысушының атында басқа баспана бар-жоғы маңызды емес.

«Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларының нақты іске қосылатын күні туралы Отбасы банк қосымша хабарлайды.
  • CNY 71.81 +0.19%
  • EUR 565.74 +2.36%
  • RUB 6.83 +0.02%
  • USD 485.95 +0.4%
  • ADA 115.15 +0.39%
  • BNB 337935.95 +8.58%
  • BTC 35967511.27 +0.14%
  • DOGE 49.18 +2.79%
  • DOT 581.03 -2.11%
  • ETH 986112.71 -0.22%
  • SOL 40231.95 +0.12%
  • TRX 169.19 -0.03%
  • USDT 486.59 -0%
  • XRP 653.57 +1.57%